Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының «степногорск қаласының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі |
Қазiргi таңда Қазақстан — экономикасы күштi, әл-аухаты жақсы, саяси жағынан тұрақты, iрi мемлекеттердiң қатарында.
Қазақстанның дамуына, өркендеуiне өз үлесiн қосып отырған, елiмiздiң солтүстiгiнде орналасқан қалалардың бiрi — Степногорск қаласы. Үстiмiздегi жылы өз алдына тарихы бар осы қаланың құрылғанына 50 жыл толып отыр. Степногорск қаласының аумағы шағын болғанымен, мұнда бiрнеше мектептер, балабақшалар, заводтар мен кәсiпорындар, мемлекеттiк органдар, әлеуметтiк және халыққа қызмет көрсету нысандары көптеп орналасқан.
Қаланың қалыптасу тарихын, дамуын, өсiп өркендеуiн дәлелдейтiн көптеген құжаттар Степногорск қаласының мемлекеттiк мұрағатында сақталған. Оған қаламыздың газет беттерiнде, мұрағат материалдарынан жарияланған Тау-кен химия комбинаты, «Қазақалтын» Тау-кен байыту комбинаты, Степногорск құрылыс басқармасы туралы мақалаларды оқып, куә болдыңыздар. Мұрағатта 20 жылдан берi халыққа мiнсiз қызмет атқарып келедi. Осы уақыт iшiнде бiрнеше құрылымдық өзгерiстерге ұшырады. Қазiргi кезде мұрағат қаланың 2-шi ықшамауданындағы № 3 ғимараттың 2-шi подъездiнде орналасқан.
Әрине, алдағы уақытта, мұрағат қазiргi заман талабына сай техникамен, құрылғылармен жабдықталған жеке ғимаратқа орналасады деген сенiмдемiз.
Бүгiнгi күнi мұрағатта 01.01.2014 жылдың әхуалы бойынша 86 қор, 83337 сақтау бiрлiгi бар, соның iшiнде 13370 басқару құжаттары және 69967 жеке құрам бойынша құжаттар есепте тұр.
Мұрағаттар — бүгiнгi күн мен өткен күннiң тарихын сабақтастырып отыратын бейне бiр тiзбек iспеттес. Мұрағат жұмысы сан қырлы және аса төзiмдiлiктi талап етедi, алайда мұны мұрағат iсiмен айналысатын адам ғана түсiне алады. Сонымен қатар мұрағатшының жұмысы бүгiнгi күнi ғана жауапты емес, тарих алдында жауапты деуге болады. Себебi өз қызметтiк мiндеттерiне салғырттықпен қараудың нәтижесiнде қалпына келтiруге мүмкiн емес құжаттар бүлiнуi немесе жоғалып кетуi мүмкiн. Мұрағат қызметiнiң негiзгi бағыттарының бiрi — әлеуметтiк құқықтық сипаттағы сұраныстарды орындау, яғни, қоғамның маңызды мiндеттерiн шешуге әсер ететiн — азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қанағаттандыру болып табылады. Мұрағат табалдырығын аттаған әрбiр азамат өз мәселесiнiң оң шешiмiне зор үмiтте болады. Түсетiн сұраныстар еңбек өтiлiн және еңбек ақысын, мұрагерлiк және мүлiктiк құқықтарын, үкiметтiк және мемлекеттiк марапаттар мен марапатталуын растау туралы және т.б. мазмұнда болып келедi.
Iс жүргiзудi дұрыс жолға қою, құжаттарды сақтау мен белгiленген мерзiмде мемлекеттiк сақтауға тапсыру жеке iс емес, әрбiр басшының және жалпы алғанда, мекеменiң мемлекеттiк мiндетi деп қарауға болады. Бiз өз қызметiмiзде iс жүргiзудi дұрыс ұйымдастыру мен құжаттарды сақтауда қаланың мекемелерiмен өнеркәсiптерiне әрдайым әдiстемелiк және тәжiрибелiк көмек көрсетiп отырамыз. Жүйелi түрде ұйымдар үшiн түсiндiру жұмыстарын жүргiземiз, iс жүргiзушiлер мен мұрағатшыларды оқытамыз. Алайда бұл жерде де мәселе туындап жатады, неге десеңiз, көптеген қала мекемелерiнде iс жүргiзушi, мұрағатшы штаттық бiрлiгi жоқ немесе осы iспен айналысатын мамандардың кадрлық тұрақтамауы кедергi жасайды. Жоғарыда атаған себептерге байланысты мекемелердiң құжаттары жүйеленбеген, белгiлi бiр тәртiпке келтiрiлмеген түрде жатады, ол маңызды құжаттардың жоғалуына әкелiп соғуы мүмкiн. Осы орайда ұйымдардың өз мұрағаттарына көп көңiл бөлiп, уақытында өңдеу жұмыстарын жүргiзiп, сақтауға тапсырып отырса екен деген тiлегiмiз бар.
Өз мекемесiнiң жетiстiктерiн, асқан белестерiн айғақтайтын құжаттарды, қаламыздың маңызды уақиғаларына байланысты құжаттарды дер кезiнде өңдеп, мұрағатқа сақтауға тапсыру, әр- бiр басшының болашақ ұрпақ алдындағы ең маңызды мiндетi деуге болады, өйткенi қанша жыл өтсе де ұрпақтарымыз қала тарихын бiлуге тиiс.
Сөз соңында қарапайым ғана ғимаратта орналасқан мұрағатта, әр күндерi қарбаласқа толы, бiлiктi мамандар бағалы құжаттардың белгiленген тәртiпке сай жүргiзiлуiн, сақталуын, азаматтардың өтiнiштерiнiң аяқсыз қалмауын қамтамасыз етiп отырады. Әр қызметкер бұл құжаттардың маңыздылығын, тiптi, адам тағдырын шешуге де септiгiн тигiзетiнiн сезiнiп, есте ұстайды. Жұмыстың қиындығына, жалақының аздығына қарамастан өз жұмыстарын жақсартуға талпынып отырады, атап айтқанда мұрағат қоры бойынша толыққанды жол бастаулар, анықтамалықтар, каталогтар құрастырады. Келешекте де адам игiлiгi үшiн көп жұмыс атқарылады, оған осы мекеменiң есiгiн ашқан әрбiр адам куә болары сөзсiз.
Степногорск қаласының мемлекеттiк мұрағатының директоры Мұхамедина Л.Н.